Тау басындағы ой
Шыққаным – Шыңғыстағы бiр биiк тау,
Жақсы екен тауға шығып тағдыр сынау.
«Қайырлы түн болсын» деп үнсiз айтып,
Күн кеткен соң түн келдi қараңғылау.
Аспандағы ай, жұлдыз – бәрi айланды,
Жалғыз-ақ Темiрқазық тапжылмайды-ау.
Күн батып, ай, жұлдыздың айналуы –
Шынында дөңгелеген жер жүрiсi-ау.
Жаңбыр жауды жарқылдап, нажағайлап,
Судан от жаратылып шыққанын-ау.
Көктен жаңбыр құяды, жерден – бұлақ,
Қанша ақса да, оларда бар таусылмау.
Жылылық пен салқыннан жаратылған,
Ойласам, оның түбi – жердiң буы-ау.
Көз адасты, ой тапты, көрдiңiз бе?
Ақылмен сыналмаған iс бұлдырлау.
Көз, құлақ, қол, мұрын, тiл – бәрi алдайды,
Тетiгi – таза ақылмен өлшеп сынау.
Терең оймен тексерiп күн батырып,
Сонда тауып байлаған ойым мынау:
Тұңғиық қараңғы түн, жарық күндiз,
Бiрiн-бiрi қуалап жүр тынымсыз.
Бiржолата қараңғы болмасын деп,
Көмескi сәуле берер ай мен жұлдыз.
Жүрiсi шатаспайды, шаршамайды,
Дыбыс жоқ, кiдiрiс жоқ, не қалмайды iз.
Күн нұрын, жер жүрiсiн, көлеңкенi –
Жарық, уақыт, қараңғы деп атайсыз.
Жоқ болса ыстық, жарық, қараңғылық,
Бiздiң де мүмкiн бе едi барлығымыз?
Сыртын бiлiп, сырынан хабарсыз боп,
Надандықпен сезбедiк осыны бiз.